Ұлы даланың - ұлы перзенті

 

  Қазақстанның Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен     2007 жылдан бастап, жазба мәдени мұраны насихаттау, қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелікке тәрбиелеу мақсатында бастау алған болатын.

  2017 жылы  ауқымды акция ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, аса көрнекті ақыны, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналып, қалың оқырман қауымға ұсынылып отыр.

  Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сан қырлы және әртүрлі жанрлы бай мұрасы – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ерекше құбылысы, қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды бөлшегі. 

  С.Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Баянауыл ауданында малшы отбасында дүниеге келген.  Жастай жабысқан дерт – сырқаттық, жоқшылық пен тапшылықтың қасіретіне қарамастан, мойымай қыруар білім теріп, өнер ізденіп, өлең шыңдап, қазаққа, қазақ әдебиетіне қалдырып кеткен мұрасы жетерлік.

  Сұлтанмахмұт поэзиясы - ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебі. Оның өлеңдері қазақ әдебиетінің асыл қазынасына енді, бірнеше ұрпақтың игілігіне айналды.

  Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы – өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

  XX ғ. басындағы қазақтың  хал-ахуалы мен әйел теңсіздігі, қыздардың қалың малға сатылуын барынша сынап, бүкіл қазақ қоғамының тіршілігін, ұғым-нанымын терең бейнелеп, тоздырып бара жатқан әдет – ғұрыптың кертартпа жақтарын әшкерелейтін "Қамар сұлу" романын жазды.

  «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында Саран қалалық кітапханасында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналған «Алаштың ардақты азаматы» атты мерекелік іс-шара жоспарланып отыр.

  Биылғы жылы қазақтың бірегей қаламгері С.Торайғыровтың шығармашылығын жұмыла, жұрт болып оқуға шақырамыз.

                  

 

 

 


Келулердің саны: 4416