«Бұтақтарым - биікте, тамырларым - тереңде» атты отырысы өткізілді

Саран қаласының орталық қалалық кітапханасының коворкинг орталығында қазақ халқының ұлттық мерекесі – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Бастау» клубының «Бұтақтарым - биікте, тамырларым - тереңде» атты отырысы өткізілді.

Кітапханашы қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жайлы сөз өрбітіп, Наурыз мерекесінің шығу тарихына тоқталып, басқа елдерде бұл мереке қалай тойланатыны, ерекшелігі туралы мәліметтер берді. Қатысушылар «Кім тапқыр», «Сен білесің бе?» сияқты әртүрлі ойындарға белсене қатысып, сұрақтарға жауап берді. Іс-шара барысында клубтың төрағасы, саясаттанушы, «ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚМ Қарағанды облысы бойынша филиалының оқытушысы Мұстафин Серік Қамзеұлы өзі дайындап әкелген қазақтың ұлттық тағамы «Наурыз-көжені» қатысушыларға ұсынып, «Наурыз-көже» туралы қызықты мәліметтермен бөлісіп, «Тағамның атауын тап» ойынын ойнатты.

Кітапханашы Г.Ханафина өз кезегінде, қазақтың «Бесікке бөлеу» дәстүрін көрсетіп, оның не үшін және қалай қолданатыны жайлы айтып берді. Іс-шара соңында клуб мүшелері Жексембай Нұрахмет және Қайрат Қадыржан «Наурыз» туралы, М.Мақатаевтың «Отан», «Отан туралы» өлеңдерін оқыды.

Отырыс соңы ұлттық тағамдардан дәм татып, тәтті шай ішумен аяқталды.

 

 

         
             
             


Келулердің саны: 6587