«Құрметке бөленген жандар

  Орталық қалалық кітапхананың coworking орталығында «Бастау» әдеби-тарихи өлкетану клубының «Құрметке бөленген жандар» тақырыбында отырысы өтті. Іс-шара шақырылған қонақтермен және клубтың жаңа мүшелерімен таныстырудан басталды. Бұл жолы клубымызға №4 ЖББМ оқушылары (Ахатов С., Болат Е., Бекболат А.) қосылды. Саран қаласы туралы бейне роликтің көрсетілімінен кейін сөз кезегі қонақтарға берілді. Бірінші болып клубтың төрағасы, ардақты жерлесіміз, саясаттанушы, «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚМ Қарағанды облысы бойынша филиалының оқытушысы Мұстафин Серік Қамзеұлы сөз сөйледі. Серік ағаның астары терең, маңызы зор сөздерін жастарға айтқан өсиеті деп қабылдадық. Төрт кітапхананың ашылуына мұрындық болған ағамыз өзінің өлең де жазатынын айтып, шығармашылығымен бөлісті. Сонымен қатар қаламыздың құрметті, еңбегі ерен тұрғындары Т.А.Кучеренко және Т.В.Стрельчук өз өмір жолдарын, қызықты сәттерін айтып, балаларды әңгімелерімен баурап алды. Тамара Александровнаның қаланың өркендеп, дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Ал, Саранға деген махаббаты шексіз екені көрініп-ақ тұрды.

Татьяна Владимировна Стрельчук осы жерге кіндік қаны тамып, қала топырағынан қуат алған адамдардың бірегейі. Ол кісі «Әр көшесі, мектебім, колледж – менің балалық, жастық шағымның куәсі.Әлі күнге дейін бәрі-бәрі есімде...»-деп, еске алды.

            Іс-шара соңында клуб мүшесі Жексембаев Мұхаммед «Адай» күйін орындады, «Жас толқын» әдеби клубының мүшесі Аятхан Роза С.Торайғыровтың «Туған еліме» өлеңін оқыды және іс-шараға қатысқан жас ұрпақ аға буын өкілдеріне алғыс айтып, қаламыздың арқалы азаматтарымен жақынырақ танысқандарына қуанышты екендерін білдірді.

 

 

     
     

Келулердің саны: 1614